wordpress themes
|

Азық-түлік молшылығы ұран күйінде қалды

Республика халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуде суармалы жерлердің алатын орны ерекше. Республикада бұл мәселеде проблема аз емес. Соған байланысты суармалы жерлер мәселесін қайта-қайта көтеріп жүрген  Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов тағы да осы проблема туралы Үкімет басшысы  Кәрім Мәсімовке сауалмен шықты.

Суармалы жерлерді пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында  Сенаттың аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті тиісті өкілетті органдармен бірлесіп өткізген бірнеше талқылаулардан кейін 2011 жылға арналған республикалық бюджеттен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға (жерді тегістеу, терең қопсыту, каналдар мен кәріздері тазартуға) арналған пилоттық жоба жасалып, Оңтүстік Қазақстан облысына 1,8 млрд. теңге қаржы қарастырылды. Бұл пилоттық жобаның қорытындысы бойынша аталған жұмыстарды жүргізу үшін 2012 жылдан бастап республиканың басқа да суармалы өңірлерін қамту ойластырылған болатын.

Бөлінген қаржыны толық және тиімді игеру мақсатында «Облыстық бюджеттердің, Астана және Алматы қалалары бюджеттерінің өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығын арттыруды субсидиялауға 2011 жылға арналған ағымдағы нысаналы трансферттерді пайдалану қағидасын бекіту туралы» 2011 жылдың 9 наурызында Үкіметтің қаулысы қабылданды.

Алайда, Үкімет қаулысымен бекітілген қағидада суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстары техника пайдалану арқылы және жыл он екі ай бойы жүргізе беруге болатыны ескерілместен, суару жүйелерін арамшөптен және лайдан қолмен тазартылады, суармалы жерлердегі мелиоративтік жұмыстар 25 сәуірден кешіктірмей жүзеге асырылады, деп көрсетілген. Бұл, суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту жұмыстарын бастамай жатып, тоқтатуға әкеліп отыр. Бір жылға бөлінген қаржыны 25 сәуірге дейін, бір жарым ай көлемінде игеру мүмкін емес. Осының салдарынан  бөлінген 1,8 млрд. теңге субсидияның толық игерілмей қалу қаупі туындаған-ды.

Осыған байланысты сенатор осы жылдың 16 маусымында Үкімет қаулысымен бекітілген қағидаға өзгерістер енгізуді өтініп, депутаттық сауал жолдаған болатын.   Оған 2011 жылдың 18 шілдесінде Үкімет басшысынан  түскен жауапта суару жүйелерін арамшөптен және лайдан тазарту жұмыстарын қолмен немесе техникамен тазарту, мелиоративтік жұмыстардың аяқталу мерзімін 25 сәуірден 25 желтоқсанға ауыстыру және 1 гектар жерде атқарылуы тиіс мелиоративтік жұмыстарға қаралатын қаржы көлемін 40-50 пайызға ұлғайту туралы ұсыныстарды қолдап, оны  Үкімет қағида бекіту кезінде  ескерілетіні айтылды.

Бірақ  содан бері 2-3 ай өтсе де, аталған қағидаға тиісті өзгерістер енгізілмей, мәселе өз шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан  пилоттық жоба бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына бөлінген 1,8 млрд. теңге қаржыны толық игеруде қиындықтар туындап, бюджетті нақтылау кезінде  оның көлемі 491 млн. теңгеге азайтылды. Ал, 2012 жылға арналған республикалық бюджетте суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға субсидия мүлдем қарастырылмаған.

Бұл мәселенің толық шешілуі, елімізді суармалы жерлерде өсетін азық-түлік өнімдерімен, атап айтқанда: қант, өсімдік майы, көкөніс, күріш, жемістер мен жүзім және мал мен құс шаруашылығы өнімдерін өндіруге қажетті жоғары белокты жемшөп дақылдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан сенатор Үкімет басшысынан  2011 жылға арналған республикалық бюджеттен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаға бөлінген қаржыны игеру мақсатында Үкіметтің 2011 жылдың 9 наурыздағы №234 қаулысына өзгерістер енгізуді және республикадағы суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсартуға 2012 жылға арналған республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге қаржы бөлуге ықпал етуді сұрайды.

Азық-түлік молшылығын жасап, өзімізді өзіміз қамтамасыз етеміз, дейміз. Бұл міндет суармалы жер мәселесіне көзқарасты өзгертпейінше, шешілмейді. Ал, бүгін Қытайдың, өзбектің және басқа да елдердің көкөнісі мен жеміс-жидегіне  телміріп отырмыз. Азық-түлік молшылығын жасаған сиқымыз осы болып  жүрмесін…

Мақаланың сілтемесі: http://www.aorda.kz/?p=13290

Ілмектер: , ,

Соңғы пікірлер

  • Ерлан Оспан: Айталық, облыстық деңгейдегі программа жазатын топта болдым. Программаның мағынасы: бір кликпен –...
  • Толкын Есиркепова: Саламатсыз ба, Мен сіздің өлеңдеріңізді сүйіп оқитын оқырмандарыңыздың бірімін.Керемет...
  • umirzak elnur: мен Өмірзақ Елнұр Ғабитұлы .Менің әскери мектепте біліп алып, ел жанашыры болғым келеді.мен 7-сынып...
  • Байдуллаев Сатбай: Жол полиициясы тоқтатқан жағдайда төсінде значок /ЖЕТОН/ болмаса қандай заң бұзуда?және жолда...
  • Тимур Бектұр: Ерекең өз бабында:)) Мақала жақсы, түсінікті, тұшымды оқылатындай жазылған. Бірақ… ..Екі түрлі...